Зайсан әуежайы маңында казино пайда болуы мүмкін

Зайсан ауданында казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға арналған арнайы аумақ белгіленді.
Тиісті аумақ Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Сәтбай елді мекенінің маңында, Зайсан халықаралық әуежайынан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Нысан 153,6 гектар жер телімін алады.
ШҚО әкімдігінің 14 қыркүйектегі қаулысында аталған аумақта казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға рұқсат етілетіні көрсетілген.
Сондай-ақ, қаулыдағы ең маңызды талаптардың бірі – ойын орындарына келушілердің құрамы.
Казино мен ойын автоматтары залдарына шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, ойын мекемелерінің жұмыскерлері, сондай-ақ еңбек немесе қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ойын мекемесінде болатын өзге де адамдар ғана кіре алады.
Яғни Қазақстан азаматтары бұл ойын орындарына кіре алмайды.
Бұған дейін Үкіметтің 2026 жылғы 26 тамыздағы №767 қаулысымен Зайсан және Марқакөл аудандары казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға болатын аумақтар тізіміне енгізілген болатын.
Жаңа ойын аймағының әуежайға жақын орналасуы да шетелдік туристер үшін қолжетімділікті арттыру мақсатымен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі таңда жаңа Зайсан халықаралық әуежайының құрылысы жүріп жатыр.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.



