Жаңалықтар

Өскемендегі ADK River сауда-ойын-сауық орталығының иесі ауысты

Өскемендегі ADK River сауда-ойын-сауық орталығының жаңа иесі пайда болды. Сауда орталығын бұған дейін иеленген RETAM компаниясы кешенді 22 сәуірде сатқан. Бұл туралы Kursiv.kz хабарлады.

Басылымның мәліметінше, мәміле сомасы шамамен 4,2 млрд теңге болуы мүмкін. Жаңа иесінің аты-жөні жарияланбаған. Белгілі болғаны – нысанды жеке тұлға сатып алған.

RETAM сауда орталығын басқа да құрылыстарымен бірге шамамен 3,16 млрд теңгеге, ал жер телімін 1 млрд теңгеге бағалаған. Сонымен қатар компания есептілігінде ұзақ мерзімді активтерді сатудан 4,2 млрд теңге түскені көрсетілген. Kursiv.kz бұл сома ADK River кешенінің сатылымына қатысты болуы мүмкін деп жазады.

Сауда орталығын сату туралы шешім мәміле жасалғанға дейін бес күн бұрын, 17 сәуірде қабылданған. Сол күні RETAM акционерлері кешенді сатуды бірауыздан мақұлдаған.

Айта кетейік, RETAM компаниясының 90%-ы бизнесмен Александр Чукреевке тиесілі. Forbes Kazakhstan мәліметінше, ол Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 34-орында. Кәсіпкердің байлығы $363 млн деп бағаланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button