ШҚО-да ең биік көпірдің құрылысы аяқталуға жақын
Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысының негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, ұзындығы 175 метр болатын көпір жер бедерінен 45 метрге дейінгі биіктікте орналасқан. Құрылым әрқайсысының ұзындығы 24 метр болатын жеті аралықтан және сегіз тіректен тұрады. Оның екеуі – жағалық, алтауы – аралық тірек.
Бүгінде сегіз тіректің барлығы толық тұрғызылып, жеті аралық құрылымды монтаждау аяқталды.
Қазір нысанда соңғы жұмыстар атқарылып жатыр. Бетон тұғырлар мен қоршаулар орнатылып, парапеттер монтаждалуда. Сондай-ақ беткейлер «Рено» матрастары және габион конструкциялары арқылы нығайтылып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр.
Көпірдің жүру бөлігіне асфальтбетон жамылғысын қыркүйек айының соңына дейін төсеу жоспарланған.
– Алдағы күндері бетондау жұмыстары аяқталады. Бетон қажетті беріктікке жеткеннен кейін көпір төсемі мен асфальт төсеуге кіріседі. Көпірдегі қозғалысты 25 қазанда ашу жоспарланып отыр. Алайда мұндағы басты мәселе көпірдің өзі ғана емес. Жаңа жол Өскемен қаласы мен Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандары арасындағы қалыптасқан көлік қатынасын өзгертеді. Күрделі тау серпантинінің орнына қауіпсіз әрі сенімді бағыт пайда болады. Бұл – тұрғындар, бизнес және туризм үшін жаңа мүмкіндіктер. Жол облыс орталығымен қатынасты жеңілдетіп, жүк және жолаушы тасымалдарының тұрақтылығын арттырады, сондай-ақ туристік аумақтарға қолжетімділікті жақсартады, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.



