Өскемендегі «Шешек» демалыс аймағында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр
Облыс орталығындағы «Шешек» демалыс орнын абаттандыру және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов аталған аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Демалыс аймағында автотұрақ 100 көлікке дейін кеңейтіліп, 3 қосымша демалыс қалқасы орнатылады.
Қазіргі таңда балалар ойын алаңы мен футбол алаңын салу жұмыстары аяқталды.
– Аталған жұмыстар тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы демалыс жағдайын жасауға бағытталған. Тұрғындарды абаттандырылған аумаққа ұқыпты қарауға және тазалықты сақтауға шақырамын. 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні аталып өтеді. Осыған орай барша қала тұрғындарын экологиялық бастамаға белсенді қатысып, қаламыздың тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырамын, – деп жазды қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.



