Алтайда аю турист қызды жазым қылды

Аю палаткаға кіріп, 29 жастағы турист әйелді сүйреп әкетіп, мерт қылды. Оқиға Ресейдің Алтай Республикасында болған.
Қайғылы жағдай 19 тамызға қараған түні Турочак ауданындағы Артыбаш ауылы маңында болған. Туристер туристік база аумағында палаткада отырған. Аю лагерьге жақындап, әйелді палаткадан алып шығып, орманға қарай сүйреп әкеткен.
Қасындағы адамдар жыртқышты қумақ болғанымен, оны тоқтата алмаған.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, оқиға әйелдің жақында ғана үйленуге ұсыныс жасаған жігітінің көз алдында болған.
Қаза тапқан әйел Новосібір облысының тұрғыны екен.
Оқиғадан кейін Артыбаш ауылдық елді мекенінде жоғары дайындық режимі енгізіліп, коменданттық сағат белгіленген. Алтай Республикасының прокуратурасы оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.
Жергілікті блогер Светлана Казина бұған дейін Алтайда аюлардың адамдарға жақындағаны туралы бірнеше жағдай тіркелгенін, тамыз айында мұндай жағдайлардың жиілегенін хабарлады.



