Өскемен — Халықаралық Mongol Rally шеруінің соңғы нүктесі

22 тамызда қала тұрғындары мыңдаған шақырымды еңсерген еуропалық автосаяхатшыларды қарсы алады.
Өскемен қаласы халықаралық Mongol Rally шеруінің соңғы нүктесі болмақ. Еуропа елдерінен келген экипаждар 22 тамызда облыс орталығында бас қосады.
Mongol Rally — қатысушылары 16 мың шақырымға жуық қашықтықты басып өтетін халықаралық қайырымдылық автосаяхаты. Жобаның басты ерекшелігі — қаысушылар автоспорттағыдай жылдамдыққа жарыспайды. Қатысушылар бағытты өздері сызып, оны техникалық қолдау тобынсыз жүріп өтеді. Егер жолда көлік бұзылса, саяхатшылар сапарды жалғастырудың жолын өз бетінше табуға мәжбүр.
Көлік таңдауы да қосымша сынақ тудырады. Саяхат үшін шағын көлемді қозғалтқышы бар ескі автокөліктер немесе мотоциклдер пайдаланылады. Жолда экипаждар түрлі елдерді, таулы аймақтарды, далалар мен шөлдерді басып өтеді, ал сапардың басты мақсаттарының бірі — қайырымдылыққа қаржы жинау.
Өскемен қаласы осымен үшінші рет ауқымды халықаралық сапардың соңғы нүктесі болып отыр. Mongol Rally мәресі 22 тамызда Металлургтер мәдениет үйі (ДКМ) алдындағы алаңда өтеді, шараның басталуы — сағат 14.30-да.



