Өскемен тұрғыны біреудің көлігін металлоломға өткізіп жіберген
Өскемен қаласында полиция қызметкерлері 25 жастағы жергілікті тұрғынның бірқатар қылмысқа қатысы барын анықтады. Күдікті екі автокөлікті заңсыз иеленген және көлікті есірткілік масаң күйде басқарған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алғашқы дерек бойынша, ер адам тұрғын үйдің ауласында ұзақ уақыт бойы тұрған Mazda Cronos автокөлігін байқаған. Көлікті иемденуге ешқандай құқығы жоғына қарамастан, ол мобильді қосымша арқылы эвакуатор шақырып, автокөлікті алып кетіп, металлоломға өткізген. Ол үшін құқық бұзушы 35 мың теңге алған. Көлік иесіне шамамен 1 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.
Бір аптадан кейін күдікті қонақта болған кезде кіреберісте қалдырылған LADA 21703 автокөлігінің кілтін байқап, жағдайды пайдаланып, көлікті рұқсатсыз айдап кеткен.
– Оның бұған дейін көлік басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды. Автокөлікті патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде жүргізілген медициналық куәландыру оның ағзасында каннабиноидтар барын көрсетіп, есірткілік масаң күйде болғанын растаған. Қазіргі уақытта қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.



