БастыЖаңалықтар

ШҚО-дағы 10 миллион долларға бағаланған аралға қатысты басқарма түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысындағы аралдың 10 миллион АҚШ долларына сатылымға қойылғаны туралы хабарлама қызу талқыланды. Жарнамада Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасында орналасқан, аумағы 22,5 гектар болатын жеке меншік аралдың тұтас инвестициялық жоба ретінде ұсынылғаны айтылған.

Алайда көп ұзамай республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында арал иесі Совет Мұхитовтың бұл мүліктің сатылымға шығарылмағанын мәлімдеген бейнежазбасы тарады. Енді Жер қатынастары басқармасы аралдың жеке меншікке берілу негізі мен оны сатуға шығарудың заңдылығын айтты.

— Аталған арал Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасы аумағында орналасқан. Ауданаралық экономикалық соттың шешімі негізінде Алтай ауданы әкімдігінің 08.08.2006 жылғы № 2595 қаулысымен жер учаскесі жеке меншікке берілген. Жер учаскесін сатып алу бағасы және оны сату бағасы туралы мәліметтер басқармада жоқ, — деп жауап берген басқарма басшысы Надежда Михейлис Kazinform тілшісіне.

Сонымен қатар басқармада жер учаскесінің мемлекеттен қандай бағаға сатып алынғаны немесе қазіргі сатылым құны туралы ақпарат жоқ екені айтылды.

Ресми жауапқа сәйкес, 2008 жылы бұл аумақ төрт бөлек жер учаскесіне бөлінген. Олардың ауданы 161,1 гектар, 24,7 гектар, 24,1 гектар және 15,1 гектарды құрайды.

Жер учаскелерінің барлығының нысаналы мақсаты – тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу.

Басқарма Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабына сүйене отырып, жер телімін сатып алу құнын толық төлеген меншік иесі заңмен тыйым салынбаған кез келген мәмілені жасауға құқылы екенін атап өтті. Яғни, жерді сату немесе өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыруға заң жүзінде мүмкіндік бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button