ШҚО-да кәсіпкер әйелді өз үйінде өлтіріп кетті

Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка кентінде белгілі кәсіпкер әйелдің отбасына шабуыл жасалды. Салдарынан әйел қаза тапқан.
«Криминальный Казахстан» арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, 23 шілдеде Белоусовка кентінде белгісіз біреулер жеке үйге басып кіріп, отбасына шабуыл жасаған.
Оқиға салдарынан жергілікті кәсіпкер мерт болған, ал оның күйеуі жарақатпен Өскемендегі ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің мәліметінше, оның жағдайы орташа ауыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйелді тұншықтырып өлтіруі мүмкін. Шабуыл жасалған сәтте үйде ерлі-зайыптының немерелері болған, олар зардап шекпеген.
«Цифрлық құралдарды қолдану және азаматтардың көмегі арқасында жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтады. Олар өңірден тыс жерге қашып кетпек болған кезде ұсталды», — деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



