ШҚО-да 600-ден астам педагогтың дербес дерегі тарап кете жаздады

ШҚО Ұлан ауданының прокуратурасы жергілікті білім беру ұйымдарының қызметінде заңбұзушылықтарды анықтады.
Ауданның мектептері мен балабақшалары міндетті медициналық тексеруден өткізу бойынша қызметтерді сатып алу туралы хабарландыруды мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған. Хабарландырудағы құжатта қызметкерлердің тізімі қоса берілгені белгілі болды.
Тізімде педагогтердің аты-жөні, ЖСН, лауазымдары, тұрғылықты мекенжайлары және жеке байланыс телефон нөмірлері болған. Осылайша дербес деректертің таралып кетуіне тікелей қауіп төнген.
— Аудан прокуратурасы енгізген қадағалау актісінің нәтижесі бойынша заңбұзушылықтар толығымен жойылды, 611 қызметкердің заңсыз жарияланған мәліметтері көпшілікке ашық қолжетімділіктен өшірілді. Кінәлі лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылды, — де хабарлайды ШҚО Прокуратурасы.
ШҚО прокуратурасы дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу немесе тарату үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қатаң әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады.



