Елімізде шомылу маусымы басталғалы бері 69 бала суға батып қаза тапты

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
– Құрметті ата-аналар! Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Шомылу маусымы басталғалы бері елімізде шомылу орындарында (бассейн, өзен, көл) 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін, бірден суық суға түспеңіздер. Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды. Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар! – деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.



