Ваучер бар, орын жоқ: Өскеменде Balabaqsha сайты ата-аналарға қате ваучерлер берген

Балаларын балабақшаға бергісі келіп, кезек күтіп жүрген өскемендік ата-аналарға бүгін “ваучер берілді” деген хабарлама келе бастады.
Ата-аналар ваучерді қабылдады. Бірақ бірде-бір мектепке дейінгі ұйымдарда орын жоқ болып шықты. Ал расталған ваучердің күту ұзақтығы небары 1 апта. Осы уақыт ішінде ата-ана балаға ұйым таңдауы қажет.
Осы жайтқа байланысты ШҚО Білім басқармасынан сұрап білдік. Айтуларынша balabaqsha.snation порталында техникалық ақау орын алған.
– Жаңа жас санаттарына көшуге байланысты техникалық ақау орын алды. Жүйедегі қателік салдарынан кейбір өтініш берушілерге мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар болмағанына қарамастан ваучерлер автоматты түрде берілген, – дейді басқарма баспасөз хатшысы Шұғыла Ерланқызы.
Білім басқармасының мәліметінше, қазір техникалық ақауды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қате түрде рәсімделген барлық ваучерлердің күші жойылып, өтініштер кезектегі бұрынғы орындарына қайта қалпына келтірілмек.
– Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз, – деп қосты басқарма.



