БастыЖаңалықтар

ШҚО-да жыл басталғалы 15 орман өрті тіркелген

Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупінің ең жоғары, бесінші класы тіркелді. Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауына байланысты соңғы бір апта ішінде өңір ормандарында 4 рет өрт шықты.

Елімізде орманның 40 пайызы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Мұнда қазір 5 санатты өрт қауіптілігі сақталып отыр. Аймақта бірнеше аптадан бері бір тамшы жауын тамбай тұр. Есесіне, аптап ыстық пен қатты жел басылар емес. Жыл басталғалы облыста 15 орман өрті оқиғасы тіркелсе, 400 гектардан астам аумақ жанып кеткен.

Орман шаруашылығы қызметкерлері күні-түні кезекшілікпен жұмыс істеп жатыр. Орманшылар мен құтқарушылар 400 рет рейдтік шара жүргізген.

Нәтижесінде, алау жағып, айналаға қауіп төндірген 150-ден астам саяхатшы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ормандағы ахуал 26 дрон арқылы көктен де бақыланып жатыр. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің ұшақтары да сақадай сай.

— Қазіргі таңда ауа райы өте ыстық. Болжам бойынша, шілде айы да аса ыстық болады, кей жерлерде ауа температурасы 50 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Барлық бөлімше тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, қажетті күштер мен құралдар жеткілікті, — деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Фархат Әмре.

Басқа жаңалықтар

Back to top button