БастыЖаңалықтар

Марқакөл мен Катонқарағайда жер бөлу кезінде заң талаптары бұзылған

ШҚО-да жер комиссиялары заң талаптарын бұзып, салдарынан азаматтарға жер учаскелері берілмеген.  Мұндай фактілерді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті өңір тұрғындарының өтініштерін қарау барысында анықтады.

Департамент мәліметінше, жыл басынан бері 48 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.

Заңбұзушылықтардың бірі Марқакөл ауданында тіркелген. Тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін алуға өтініш берген, алайда комиссия бас тартқан.

— Жүргізілген тексеру барысында Жер кодексі талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жер комиссиясы қажетті кворум болмаған жағдайда шешім қабылдаған. Заңнамаға сәйкес комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысуға тиіс болса, іс жүзінде тоғыз мүшенің тек үшеуі ғана қатысқан. Бұдан бөлек, өтініш берушілерге бас тарту туралы шешім қабылдар алдында тыңдау рәсімі өткізілмеген. Бұл Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына қайшы келеді және азаматтардың өтініштерінің объективті қаралу құқығын бұзады, — дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков.

Тексерістен кейін, департамент қабылданған шешімдерді қайта қарауды талап етті. Нәтижесінде азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, өтініштері қайта қарауға жіберілді.

Осыған ұқсас жағдай Катонқарағай ауданында да анықталды. Мұнда азаматтарға жер телімдерінің бос еместігі және жобалау жұмыстарының жүргізілуі себеп ретінде көрсетіліп, жер беруден бас тартылған. Алайда тексеру барысында бұл негіздердің жеткіліксіз екені белгілі болды. Жер комиссиясының шешімі қайта қаралып, өтініш иелері оң қорытынды алды. Ал заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мамандар мұндай фактілер жер қатынастары саласында заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін көрсететінін атап өтті. Уақтылы бақылау азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button