Жаңалықтар

«KazUzGeoNomads» білім беру жобасының қорытынды кезеңі Өскеменде өтеді

«KazUzGeoNomads» халықаралық білім беру жобасы Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарын біріктіріп, геология, тау-кен ісі, мұнай-газ саласы және Жер туралы ғылымдар бағытында жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Жобаның дәл қазақстандық-өзбекстандық ынтымақтастық форматында жүзеге асырылуының өзіндік символдық мәні бар. Екі елді ғасырлар бойғы мәдени және тату көршілік байланыстар ғана емес, Орталық Азияның ортақ геологиялық мұрасы да біріктіреді. Минералдық-шикізат ресурстары, тау-кен өнеркәсібі және Жер туралы ғылымдардың дамуы ондаған жылдар бойы екі мемлекеттің экономикасында маңызды рөл атқарып келеді.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның алдында ұқсас міндеттер тұр: жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау, жер қойнауын пайдалану саласына заманауи технологияларды енгізу және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету. Сондықтан бірлескен білім беру жобалары өңірдің ортақ ғылыми-білім беру кеңістігін қалыптастырудың тиімді алаңына айналуда.

Жоба ресми түрде 25 мамырда Науаи қаласында бастау алды. Бұдан әрі білім беру маршруты Ташкент қаласында жалғасады. Мұнда 1–2 маусым күндері серіктес университеттердің басшылары қатысатын бірлескен жазғы мектептің ресми ашылу салтанаты және Ректорлар форумы өтеді. Кейін 15–19 маусым аралығында қатысушылар Атырау қаласына барады, ал жобаның қорытынды кезеңі 22–28 маусым күндері Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ұйымдастырылады.

1–2 маусым күндері Ташкент қаласында бағдарлама Геология ғылымдары университетінің базасында жалғасады. Бірінші күні серіктес университеттердің ректорларының қатысуымен бірлескен жазғы мектептің ресми ашылуы өтеді, сондай-ақ қатысушылар Геология музейі мен қаланың мәдени нысандарын аралайды. Екінші күні «Ақсақ-ата» оқу-далалық базасында Ректорлар форумы, ғылыми семинар және алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау ұйымдастырылады.

Ташкентте іс-шаралардың өткізілуі Өзбекстанның Орталық Азиядағы геология және тау-кен саласы мамандарын даярлайтын жетекші орталықтардың бірі ретіндегі ерекше рөлін тағы бір мәрте айқындайды. Бүгінде мұнда нақты экономика секторының қажеттіліктеріне бағытталған заманауи ғылыми мектептер, зерттеу орталықтары және білім беру бағдарламалары қарқынды дамып келеді.

Табысты академиялық өзара іс-қимылдың жарқын мысалдарының бірі – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университеті арасындағы ынтымақтастық. 2019 жылы ТМТУ-де көрнекті ғалым, қазақстандық геология мектебінің негізін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілген аудиторияның салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға ортақ ғылыми мұраға деген құрметтің, екі ел университеттері арасындағы академиялық байланыстардың беріктігінің және инженерлік әрі геологиялық білім беруді бірлесе дамытуға деген ұмтылыстың маңызды символына айналды.

Бүгінде «KazUzGeoNomads» жобасы осы игі ынтымақтастық дәстүрлерін жалғастырып, ғылыми диалогты дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және Қазақстан мен Өзбекстан экономикасының стратегиялық маңызды салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Жоба University of Geological Sciences, Navoi State University of Mining and Technologies, D. Serikbayev East Kazakhstan Technical University және Utebayev University университеттерінің қатысуымен жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми және практикалық тәжірибе алмасу, Орталық Азия университеттері арасындағы серіктестікті нығайту және бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру.

Бағдарлама аясында студенттер, жас зерттеушілер мен оқытушылар геология, тау-кен ісі, мұнай-газ саласы, цифрлық технологиялар, орнықты даму және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағыттарындағы заманауи тәсілдермен танысады.

Жобаның ерекше құндылығы оның тәжірибеге бағытталған форматында жатыр. Қатысушылар серіктес университеттердің білім беру және ғылыми әлеуетімен танысып қана қоймай, нақты өндірістік нысандарды аралап, әртүрлі геологиялық өңірлердің ерекшеліктерін зерттеп, сала мамандарымен кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Мұндай формат болашақ инженерлер мен геологтарға өз мамандығына жаңа қырынан қарауға және халықаралық кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік береді.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ халықаралық бастаманың жетекші қатысушыларының бірі ғана емес, сонымен қатар білім беру маршрутының қорытынды алаңы болып табылады. Бұл университеттің халықаралық академиялық ынтымақтастықты, инженерлік білім беруді және тәжірибеге бағдарланған кадр даярлауды белсенді дамытып отырған Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі жоғары мәртебесін көрсетеді.

Жоба маршрутының дәл Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-де аяқталуы да кездейсоқ емес. Университеттің инженерлік білім беру мен Жер туралы ғылымдар саласындағы халықаралық ынтымақтастық бойынша мол тәжірибесі бар, ал Шығыс Қазақстан өңірі еліміздің маңызды геологиялық және тау-кен металлургиялық орталықтарының бірі саналады.

Өңір бай геологиялық тарихымен, қуатты тау-кен металлургиялық әлеуетімен және дамыған өнеркәсіптік базасымен ерекшеленеді. Дәл осы жерде қатысушылар білім беру, ғылым және өндірістің сұранысқа ие инженерлік кадрларды даярлаудың бірыңғай жүйесіне қалай бірігетінін көре алады. Жобаның жас қатысушылары үшін Шығыс Қазақстан геологиялық зерттеуден бастап кен орындарын өнеркәсіптік игеруге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге дейінгі толық үдерісті көрсететін өзіндік «тірі зертханаға» айналады.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дегі қорытынды кезең жобаның ең мазмұнды бөліктерінің бірі болмақ. Қатысушылар университеттің ғылыми және білім беру инфрақұрылымымен, Жер туралы ғылымдар мектебінің қызметімен, заманауи зертханалармен, геология, критикалық және сирек металдар саласындағы зерттеулермен, сондай-ақ экономиканың нақты секторына бағытталған тәжірибелік білім беру бағдарламаларымен танысады.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сауле Жадыгерқызы Рахметуллина жобаның халықаралық ынтымақтастық пен инженерлік білім беруді дамытудағы маңызын атап өтті:

«Біздің университет үшін “KazUzGeoNomads” халықаралық жобасының жетекші қатысушыларының бірі болу және оның қорытынды кезеңін Шығыс Қазақстанда қабылдау үлкен мәртебе. Бұл жоба білімді, ғылымды, тәжірибені және халықаралық серіктестікті біріктіреді. Ол Қазақстан мен Өзбекстан студенттеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, білім алмасуға, практикалық тәжірибе жинақтауға және геология мен өнеркәсіп стратегиялық маңызға ие өңірлердің әлеуетін көруге мүмкіндік береді. Осындай бастамалар инженерлік ғылым мен Орталық Азия экономикасын дамытуға қабілетті жаңа буын мамандарын қалыптастырады деп сенемін».

Жобадағы ШҚТУ командасының қатысуына университеттің негізгі индустриялық серіктесі – «Казцинк» ЖШС қолдау көрсетті. Бұл жоғары білімнің өндіріс саласымен тығыз байланысының маңыздылығын және мамандар даярлаудың өнеркәсіптің нақты қажеттіліктеріне бағытталғанын көрсетеді.

Университеттер мен индустриялық серіктестер арасындағы осындай өзара іс-қимыл білім беру, ғылым және өндіріс біртұтас экожүйе ретінде жұмыс істейтін заманауи кадр даярлау моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде дәл осындай тәсіл халықаралық деңгейдегі инженерлік білімнің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналуда.

«KazUzGeoNomads» жобасы жоғары білім, ғылым және экономиканың стратегиялық маңызды салалары үшін кадрлар даярлау бағытындағы қазақстандық-өзбекстандық ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамына айналып отыр. Жоба Орталық Азиядағы инженерлік білімнің болашағы ашық диалогқа, академиялық серіктестікке және елдеріміздің зияткерлік әлеуетін біріктіруге негізделетінін айқын көрсетеді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button