Өскемендік студент алаяққа алданып, 2 миллион қарызға батты

Өскеменде “академиялық қарызын жабуға көмектесемін” деген алаяққа сенген 22 жастағы студент 1,7 миллион теңгеден астам шығынға ұшырады.
Өскемен қаласының полиция басқармасына жүгінген бойжеткеннің айтуынша, бейтаныс ер адам оған оқуындағы академиялық қарызын жабуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесетінін айтқан. Сеніміне кірген күдікті түрлі сылтаулармен оның атына бөліп төлеу мен несие рәсімдетіп, алынған қаражатты өзі бақылауындағы шоттарға аударуды талап еткен.
Нәтижесінде жәбірленушіге 1 709 990 теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Өскемен қалалық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобы «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күдіктіні анықтады. Ол облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазір аталған факті бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың қаржылық көмек немесе түрлі қызмет көрсету туралы ұсыныстарына сақтықпен қарауға шақырады.



