БастыЖаңалықтар

Қай саланың бюджеті қысқарады? — ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында бюджет шығындарын оңтайландыру аясында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың қаржыландыру көлемін қысқарту ұсынылды. Ең ірі өзгерістер халықты жұмыспен қамту, жол жөндеу, спорт, цифрландыру және инфрақұрылымдық жобаларды қамтып отыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Мәселен, «Күміс жас» жобасынан 500 млн теңге, ал қоғамдық жұмыстар бағдарламасынан 600 млн теңге қысқарту ұсынылған.

Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Ұлан, Күршім және Үлкен Нарын аудандарындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге бөлінген қаржы 903,7 млн теңгеге азаяды.

Спорт саласында спортшыларды даярлауға бағытталған шығындар қысқарады. Іссапарларға арналған қаражат 148,9 млн теңгеге, спортшылардың тамақтануына бөлінетін қаржы 33,3 млн теңгеге азаяды. Сонымен қатар жеңіл атлетика, үстел теннисі, күрес және гандбол спорт клубтарына мемлекеттік тапсырыс көлемі тағы 71 млн теңгеге азайтылады.

Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді басқару кешеніне бөлінген қаржы 150 млн теңгеге, 26 гидробекет арқылы су тасқынын бақылау жүйесіне 170 млн теңгеге, Tomorrow School жобасы аясындағы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды оқытуға 139 млн теңгеге қысқарады. Сондай-ақ жасанды интеллект агенттері мен болжамдық модельдерді әзірлеуге және ахуалдық орталықтың кейстерін сүйемелдеуге арналған қаржының әрқайсысы 46 млн теңгеге азаяды. Бұдан бөлек, ШҚО Полиция департаменті дрондарды сатып алуға арналған шығындарды қысқартады.

Сонымен қатар «Тілдік туризм» тұжырымдамасы негізінде балаларға арналған анимациялық сериал әзірлеу, археологиялық зерттеулер жүргізу және қазақ халық аспаптары оркестріне арналған сахналық костюмдер сатып алу жобалары қысқартылады. Туризм саласында қысқы маусымға арналған жарнамалық бейнероликті әзірлеу кейінге қалдырылуы мүмкін.

Экономиканың жекелеген салаларын қолдау бағытындағы шығындар да қайта қаралды. Атап айтқанда, балық шаруашылығы субъектілеріне берілетін субсидия көлемі 99 млн теңгеге азаяды.

Құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласында да қаржы үнемдеу шаралары қолға алынбақ. Бірнеше ауданда жедел басқару орталықтарын құруға бөлінген қаржы 105 млн теңгеге қысқарады. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті жедел қызметтік автокөлік сатып алу мен Mass Alert халықты жаппай құлақтандыру жүйесіне арналған шығындарды азайтады.

Секвестрге ұшыраған ірі көлемдегі қаражаттың едәуір бөлігі жобалардан бас тартуға емес, қаржыландыру мерзімдерін кейінге шегеруге байланысты. Мәселен, Өскемендегі Психикалық денсаулық орталығын күрделі жөндеуге бөлінген 176 млн теңге, Белоусовкадағы Мәдениет үйін күтіп-ұстауға арналған 128,9 млн теңге, Катонқарағай ауданындағы Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғыртуға бөлінген 117,4 млн теңге және Риддер қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландыру көлемін 600 млн теңгеге қысқарту ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, Алтай және Глубокое аудандарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуда мердігерге кепілдік төлемдерінің кейінге қалдырылуы есебінен қаражат үнемделмек. Ал Жаңа Бұқтырмадағы орамішілік жылу желілерін жаңғырту жобасын республикалық бюджет қаржыландыратындықтан, облыстық бюджетке түсетін жүктеме азаяды.

Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер өңірлік бюджетті оңтайландыруға бағытталған. Қысқартулардың бір бөлігі жобалардың мерзімін кейінге шегеруге байланысты болса, енді бір бөлігі шығындарды қайта қарау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button