Құлынжонда жаңа интернат пен спорт блогы ашылады

Биыл Самар ауданының Құлынжон ауылындағы мектептің ашылғанына 60 жыл болады.
Осыған орай 10 қыркүйекте ардагер ұстаздар, әр жылдардағы мектеп түлектері, оқушылар мен ата-аналар, арнайы қонақтардың қатысуымен салтанатты шара өтеді.
Құлынжон ауылындағы мектептің іргетасы 1966 жылы қаланған. 60 жыл ішінде шағын ауыл мектебі үлкен даму жолынан өтіп, бүгінде ауылдық білім берудің заманауи үлгісін қалыптастыратын білім ордасына айналып келеді.
Соңғы жылдары Құлынжон ауылында білім беру инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді. Заманауи оқу кеңістіктері мен пәндік зертханалар жасақталып, жаңа білім беру технологиялары енгізілуде. Сонымен қатар спортпен шұғылдануға, қосымша білім алуға және педагогтердің кәсіби дамуына арналған мүмкіндіктер кеңейтілуде.
Жаңа интернаттың ашылуы өзге ауылдық елді мекендерден келетін балалардың білім алуына және тұруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ал жаңа спорт блогында балалар дене шынықтырумен және спортпен айналысып, түрлі жарыстар мен спорттық іс-шаралар өткізетін болады.
Біздің міндетіміз – бір ауылда жақсы мектеп салумен ғана шектелу емес. Біз ауыл баласының да сапалы білім алып, заманауи инфрақұрылым мен жан-жақты дамуға қажетті мүмкіндіктерге ие бола алатынын, олардың қаладағы үздік мектептердегі жағдаймен тең дәрежеде болуы мүмкін екенін көрсеткіміз келеді. Құлынжон – біз үшін осы идеяны іс жүзінде дәлелдеуге болатын мекен, – дейді «Құлынжон білім беру қоры» жеке қорының директоры Аралбек Берікұлы.



