Жаңалықтар

Өскеменде ұлттық киім сән көрсетілімі өтті

Өскемендегі Maxi Mall сауда орталығында«Ұлттық киім – ұлт мұрасы» атты ұлттық киім үлгілерінің сән көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ұлттық киім күніне орай ұйымдастырылған сән көрсетілімінде қаламыздың талантты шеберлері мен брендтерінен ұлттық нақыштағы киім үлгілері және әшекей бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

– Наурызнаманың онкүндігі аясында 18 наурыз Ұлттық киім күні болып бекітілген. Бүгін Maxi Mall сауда орталығына ұлттық киім үлгісіндегі мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер болсын барлығы жиналып жатыр. Бүгін Өскемендегі ұлттық киім тігетін, брендттік саудамен айналысатын кәсіпкерлердің ұлттық киімдерін осы жерден тамашалауға болады. Осы іс-шараға қатысамын деп өтінім білдіргендер өте көп болды, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.

Іс-шара аясында бірнеше номинациялар бойынша байқау өткізілді: «Ең дәстүрлі образ», «Ең креативті образ», «Отбасылық образ», «Ең үздік балалар костюмі». Номинациялар бойынша жеңімпаздарды көрермендер анықтады.

Ең креативті образ номинациясы бойынша ою-өрнектермен көмкерілген, заманауи әрі қазақы стильдегі киім үлгісінде өнер көрсеткен Алтынай Төлеухан жеңімпаз атанды.

– Бүгінгі Ұлттық киім күніне орай ұлттық нақыштағы өзімнің образымды дайындап келдім. Бүгін ең креативті образ номинациясын жеңіп алып, керемет сыйлыққа ие болдым. Киім үлгім баска-белдемшесі мен кеудеше джинсы матасынан тігіліп, ою-өрнектермен көмкерілген. Өзіміздің отандық дизайнердің туындысы, – деді Алтынай Төлеухан.

Іс-шара аясында сән көрсетілімінен бөлек, әшекей, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындыларының көрмесі, концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button