Биыл қай вокзалдар жөнделеді? – ШҚО

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың сәуір айынан бастап 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту және модернизациялау жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Көлік вице-министрі Талғат Ластаев облыс тұрғындарымен кездесуде өңірдегі Өскемен-1, Алтай, Күмістау, Риддер және Шемонаиха вокзалдарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Қазіргі уақытта облыстағы вокзалдарда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Үш нысанда бұзу жұмыстары толық аяқталды, ал қалған вокзалдар бойынша жұмыстарды осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыру вокзалдардың инфрақұрылымын жаңартуға, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің жайлылығы мен сапасын арттыруға, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін дамытуға заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді, – дейді Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы бойынша 11 жұп жолаушылар пойызы қатынайды.
– Соңғы жылдары жолаушылар вагондарын жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы 5 жыл ішінде вагондардың тозу деңгейі 59 пайыздан 42 пайызға дейін төмендеді 2024 жылы 143 вагон сатып алынды, биыл 175 вагон сатып алу жоспарланған. Вагондар негізінен отандық ЗИКСТО және Stadler зауыттарынан сатып алынады, – деді Талғат Ластаев.
2026–2030 жылдары 873 вагон сатып алу жоспарланған, бұл қолданыстағы паркты 90 пайызға жаңартуға және барлық вагондарды кондиционер жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



