Жаңалықтар

Өскемен кітап қалашығына айналды

Облыс орталығында Конституция және қала күніне орай  «Shygys Book Fest -2025» атты кітап фестивалі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ауқымды мәдени шараны Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының бастамасымен кітапханалар өткізді. Фестиваль аясында Конституцияның 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған экспозициялар, «100 кітап» жобалары, Брайль қарпіндегі инклюзивті кітаптар, тарихи фотосуреттер көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар жас оқырмандар үшін «Балалық кеңістігі» локациясында әдеби ойындар, викториналар, байқаулар ұйымдастырылып, әуезді ән шырқалды. Бұдан бөлек, қала тұрғындары #Менің еліме тілек атты тілектер тақтасына өз тілектер және болашаққа хат жазды.

Сондай-ақ «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» 2025 жылғы шығарылымының және ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Райысованың «Бақыт әкелетін ертегілер», «Ботакөзі төңкерілген дүние», «Жаны жарық жұлдыздар» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

– Қала күні және Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында екінші рет «Shygys Book Fest» фестивалі өтіп жатыр. Шараның мақсаты – қала халқына, облыс тұрғындарына Шығыс Қазақстандағы барлық мәдени жаңалықтарды жеткізу. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының мәдени мұрасын, Шығыс Қазақстанның оның ішінде «Төр Алтайдың әдеби әлемі» атты шығысқазақстандық ақын-жазушылардың кітаптарын халыққа әкеп таныстырып жатырмыз. Бүгінгі әдеби фестивальдің мақсаты – тұрғындарға қала күніне орай әдеби мейрам ұсыну, – деді А.С.Пушкин атындағы кітапхананың оқу залының меңгерушісі Бақытгүл Қалиева.

Шара барысында фестивальға қатысушылар  уақыт кешін кері айналдырып Өскемен қаласының тарихына саяхат атты иммерсивті серуен жасады.

– Біз облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасынан боламыз. Бүгінгі Жастар бастамалар орталығының істеп жатқан жұмысы иммерсивті серуен деп аталады. Бүгінгі шарада тұрғындарға қала тарихы жайында ақпараттар беріп жатырмыз. Өскемен бекінісімен қазіргі уақыттағы Өскеменнің арасындағы аялдамаларға бөліп-бөліп, оған әдемі әуендер қосып соны тұрғындарға қала тарихындағы ерекше атмосфераны беруге тырыстық. Фестивальге келушілерге иммерсивті серуен ұнап жатыр, – дейді Жастар бастамалар орталығының жетекшісі Ернат Біржанұлы.

Фестивальде Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы Брайль қарпіндегі инклюзивті кітаптарды және облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы кітапхана қорындағы түрлі кітаптар ұсынылды.

– Конституция және қала күніне орай кітапхана қорымызда бар кітаптарды әкеліп қала тұрғындарына таныстырудамыз. Біздің кітапханамызда Конституцияға, Ата заңымызға байланысты кітаптармен таныса аласыздар. Кітапхана қорында әртүрлі кітаптар бар, – дейді  Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету орталығының кітапханашы Асылжамал Қабдылқақызы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button