ШҚО-да 8 жағажай ғана талапқа сай жабдықталған
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өңірдегі шомылуға арналған жиырма бес орынның сегізі ғана қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Ал қалған 17 жағажай (оның ішінде Алтай, Риддер, Үлкен Нарын, Самар, Ұлан, Зайсан аудандарының жағажайлары) талаптарға сай емес және тиісті жабдықтармен қамтылмаған.
Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен шомылуға тыйым салынған 74 орын және шағын көлемді кемелермен жүзуге тыйым салынған 29 орын анықталған.
Қазір ШҚО-да 4 стационарлық және 1 мобильді құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Олар келесі орындарда орналасқан: Өскемен қаласы, «Самал» паркі аумағы; Өскемен қаласы, «Көгілдір көлдер» этнопаркі; Күршім ауданы, Күршім ауылы; Алтай ауданы, «Көгілдір бұғаз»; Самар ауданы, Новостройка ауылы, Мұнай базасы учаскесі (мобильді бекет).
Құтқарушылар, полиция, жергілікті билік және еріктілер күнделікті су айдындарын патрульдеуде. Рейдтер барысында демалушыларға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 1000-нан астам рейдтік шара өткізілген.
Осы уақытқа дейін суға шомылу кезінде 4 адам көз жұмды, оның ішінде 2 жасөспірім. Сонымен қатар 13 адам құтқарылды, оның 6-ы — бала. Құтқарылғандардың 4-і жабдықталған орындарда, ал 9-ы (оның ішінде 6 бала) жабдықталмаған жағажайларда болған.
Су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзған 32 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша жауапқа тартылды. Олардың 5-еуі – балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар.



