Шығыста аграршылар “Дала күнін” атап өтті
Бүгін Винное ауылы «Милейко» ЖШС базасында «Дала күні» өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов, агроөнім өндірушілер, сарапшылар және сала мамандары қатысты.
– Бұл «Дала күні» барлығымызға белгілі агроөнеркәсіп кешенін алға сүйрейтін ғылым, өндіріс және бизнесті біріктіретін бір үлкен мүмкіндік. Бүгінгі іс-шара аграрлық сектордың келешегіне тың бір серпін беретін шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында әрдайым ауыл шаруашылығының осы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі кепілі екенін бұл салада әрдайым біз еңбек өнімділігін экспорттық әлеуетті арттыру жөнінде жұмыс жасаумыз керек, бұл стратегиялық маңызды үлкен міндет деп алдымызға тапсырма қойып отыр. Осыған орай, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бүгінгідей іс-шараның маңызын тағы да атап өткім келеді. Қазіргі жаһандық климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің қиындай түскен жағдайында біздің ғылым мен инновацияның рөлі ерекше артады. Міне, бүгінгідей осындай бас қосуда біз ғылыми зерттеу мекемелері бар ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы байланыстарды нығайта отырып, жаңа жобалар, жаңа серіктестіктер орнататымызға сеніміміз мол, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Егіс алқабында ұйымдастырылған көрмеде ВНИС, Osterras, ЕвроХим, Эридон сияқты халықаралық компаниялар, AlemAgro, Агродинамикс, Дизель Агро сынды отандық компаниялар ауыл шаруашылығы техникаларын, агротехнологияларды, күнбағыс, бидай, соя және жүгерінің сортары мен будандарын таныстырды.
– Бүгін біз Дала күнін өткізіп жатырмыз. Биыл «Дала күні» төртінші рет ұйымтастырылып жатыр. Ресейден, Белоруссиядан, Европа мемлекеттерінен қонақтар келіп жатыр. Бүгінгі шараның ең басты тақырыбы цифрландыру бағдарламамыз, – дейді Aitas Agro компаниясының цифрландыру бойынша жобалық менеджері Алпамыс Кәріпов.
Айта кетейік, Aitas Agro-ның «Дала күні» осымен 4 жыл қатарынан өткізіліп отыр.



