Катонқарағай паркі мен Марқакөл қорығының жері жалға берілетін болды
Елу шақырымға созылатын ескі австриялық жол Катонқарағай Ұлттық паркі мен Марқакөл қорығының аумағын басып өтіп, екі ауданды байланыстырады. Енді ұлттық парк пен қорықтың аталмыш жол басып өтетін учаскелері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жалға берілетін болды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бұл жөнінде бейінді басқарма басшысының жолдарды дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары Нұрбек Тұраров айтты. Жол бағыты бойынша жерді жалға алу шарты 25 жыл мерзімге жасалды.
– \»Марқакөл қорығы\» республикалық мемлекеттік мекемесі, Катонқарағай ұлттық паркі, ОблШығысжол жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің қатысуымен ескі австриялық жол бағыты бойынша автомобиль жолының жай-күйіне тексеру жүргізілді, – деді Нұрбек Тұраров.
Жол ақаулары тексеріліп, бірінші кезектегі іс-шаралар анықталған. Оның ішінде Катонқарағай ауданы жағынан көпірді қалпына келтіру және қолданыстағы су өткізу құбырларын қалпына келтіру қарастырылған.
Кететін шығындардың жалпы құны 537 млн теңгені құрайды.
Басқарма өкілінің айтуынша, Катонқарағай ауданы тарапынан жол жүруді қамтамасыз ету және көпірді қалпына келтіру жұмыстары ертең басталады. Ол үшін Облшығысжолдан арнайы бригада жұмылдырылған.



