Өскеменде мерекелік шарадан кейін жаппай ауырғандарға қатысты полиция іс қозғады
Өскеменде мерекелік шарадан кейін бірнеше адам ауруханаға түскен болатын. Осыған байланысты ролиция іс қозғады. Тергеу қылмыстық кодекстің тиісті бабының шеңберінде жүргізіледі, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Естеріңізге сала кетейік, Өскемендегі мейрамханалардың бірінде өткен салтанатты іс-шараның бірнеше қатысушысы (бейресми мәліметтер бойынша-10-нан астам адам) ауырып қалған болатын.
– Болған оқиғаға байланысты «санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, — деді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өскемен қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде өткен мерекелік шарадан кейін жаппай жедел ішек инфекциясымен сырқаттану жағдайы тіркелген болатын. 29 шілдедегі мәлімет бойынша, науқастарда жедел гастроэнтеритке тән белгілер байқалған: жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы және іш өту. Бірнеше адам ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем қабылдауда.
Мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізген. Дайын тағамдардан, судан және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алынған. Ауырған және олармен байланыста болған адамдардан сауалнама жүргізіліп, зертханалық тексерулер ұйымдастырылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың басым бөлігінің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда, өміріне қауіп жоқ. Науқастарға қажетті ем жүргізілуде, жағдай оңалып келеді. Амбулаториялық ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, олар дәрігерлердің бақылауында.



