Самал саябағындағы жағажай жабылуы мүмкін
Кеше, 29 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Өскемен қаласының әкімі Алматы Ақышов облыс орталығындағы суға шомылуға арналған екі жағажайды аралап көрді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Самал саябағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Саябақта барлығы 6 қызметкер бар, ал инфрақұрылымды ұстауға және қалпына келтіруге 300 миллион теңгеден астам қаражат қажет. ⠀
– Соңғы уақытта қала тұрғындарынан \»Самал\» паркінің тазалығы мен инфрақұрылымына қатысты көптеген сындар келіп түсті. Бұл саябақты біздің тұрғындар мен қонақтар өте жақсы көреді. Демалыс күндері оған 15 мыңнан астам адам келеді. Саябақты күтіп ұстап, оны ретке келтіру керек, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ облыс әкімі Ертіске шомылу барысындағы қауіпсіздік жайына да тоқталды.
– Ағынды өзеннің қаупі бар екені белгілі. Мұнда жағажай қажет пе, жоқ па, соны анықтау керек, өйткені бұл жерде су өте ағысыты. Егер «Бейметалл материалдар комбинаты» серіктестігінің маңындағы жағажай ресми түрде ашылса, бұл жер мүмкін қажет емес шығар. Бұл мәселе бойынша ақпараттық науқан өткізіңіз. Біздің міндетіміз – су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жайлы демалу үшін жағдай жасау. Мен Өскемен қаласының әкімі мен \»Самал\» саябағының басшылығына осы мәселелердегі қателіктер бойынша жұмыс жүргізуді тапсырдым, – деді ШҚО әкімі.
Сондай-ақ әкімдер Котлован жағажайына да барды. Бұл жағажай биыл абаттандырылып жатыр.
– Бұл нысанды шомылуға рұқсат етілген орындар тізіміне енгізіп, жағажайдың өзін қала әкімдігінің балансына шығару қажет, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
ШҚО әкімі саябақтар мен жағажайларды абаттандыру жалғасатынын және кемшіліктер жойылатынын айтты.



