Катонқарағайға ерекше көлік мінген меймандар келді
Бүгінде туризимнің төріне айналған Катонқарағайға келетін қонақтардың қатары көп. Бұл жолы Төр Алтайға ерекше көлікке мінген қонақтар келді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Атыраулық Алмат Лепесов – өз қолымен жабдықтаған дөңгелекті үйімен елімізді аралап жүрген өнер жанашыры. Бастапқыда эстрада жұлдыздарына арналған бұл автобус бүгінде көшпелі мәдени шаңыраққа айналған. Автобус ішіне музыка аспаптары қойылған.
– Бұл жолы Алмат Лепесов Катонқарағайдың көркем табиғатын көрсетіп, рухани серпіліс сыйлау үшін Арал, Қызылорда, Ақтөбе және Қонаев қалаларынан достарын арнайы ертіп келді. Алтайдың саф ауасы мен тұмса табиғаты қонақтарымызға шабыт, шипа және жан тыныштығын сыйласын деген тілегіміз бар, – деп жазды Катонқарағай ауданы әкімідігі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осылайша өнермен өрнектелген көлікке мінген қонақтар Төр Алтайды әнге бөлеп демалып жүр.



