ШҚО-да ішімдік ішкен екі жасөспірім ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында  «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні 87 құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Облыста республикалық  «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Рейдтік тексерістердің алғашқы күні тәртіп сақшылары ішкі істер органдарында есепте тұрған 48 жасөспірімнің тұрғылықты мекенжайын тексерді.

– Облыстың аумақтық бөлімшелері жүргізген жұмыстар нәтижесінде 87 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 8 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды, кәмелетке толмағандардың алкогольді ішімдіктер ішуі немесе масаң күйде қоғамдық орындарда жүруі бойынша – 2 құқықбұзушылық тіркелді, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін) заңды өкілінсіз жүргені үшін 73 әкімшілік хаттама толтырылды, – делінген Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарламасында. 

Айта кетейік, «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы облыс аумағында әлі де жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік жұмыстар мен профилактикалық әңгімелер жүргізіп жатыр. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button