ШҚО диқандары биыл 24 млн текше метрден астам су пайдаланған

Биыл «Қазсушар» РМК-ның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы шаруалармен суармалы суды жеткізу бойынша 490-нан астам келісімшарт жасасқан. Бүгінгі таңда өңірде 5 815,7 гектар егістік алқапқа су беріледі. Осылайша ШҚО диқандары суару маусымының басынан бері 24 млн текше метрден астам су алған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ал Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің мәліметінше, Биылғы суару кезеңі басталғалы бері Қазақстанда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су пайдаланылған.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының шаруалары көпжылдық шөптерді шабу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сонымен қатар өңірде дәнді дақылдар, көкөністер, картоп, күнбағыс, жүгері, бақша өнімдері, жидектер мен соя өсіріледі.

 «Филиал 7 жаңа арнайы техника алды, жыл соңына дейін қалған 13 техника жеткізіледі. Жаңа техникалар каналдарды механикалық әдіспен тазарту жұмыстарына пайдаланылып жатыр. Жаңа экскаваторлардың көмегімен ұзындығы шамамен 55,3 шақырым болатын каналдар тазартылды. Қазіргі таңда барлық жұмысшы мен техника суару каналдары мен су жеткізу жұмыстарына жұмылдырылған», – деді «Қазсушар» РМК-ның Шығыс Қазақстан облысындағы филиал директоры Нұржан Әміржанов.

Егіс алқаптарына суды тиімдірек жеткізу үшін Қазақстанның барлық облысындағы «Қазсушар» филиалдары 780 км ирригациялық каналға механикалық тазарту жүргізген. Сондай-ақ 78 гидротехникалық нысан жөнделген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button