Өскемендік оқушы халықаралық олимпиада жүлдегері атанды

Филиппиннің Кесон-Сити қаласында өткен халықаралық биология олимпиадасында  (International Biology Olympiad, IBO-2025) Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ержанұлы қола медаль иеленді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Жарысқа 80 елден 320-дан астам оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті: 

– Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;

– Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

– Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

– Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы. 

Команданың ғылыми жетекшілері – Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.

IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды: теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу, практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.

Айта кетейік, Халықаралық биология олимпиадасы алғаш рет 1990 жылы Чехословакияда өткен. Қазақстан бұл олимпиадаға 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button