ШҚО-да тас жолдардың бойына қоршаулар орнатылып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар тас жолдардың бойына жабайы жануарлар жолға шығып кетпес үшін қоршаулар орнатылып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Облыста қараусыз жүрген малдың кесірінен болатын жол апаты тыйылмай тұр. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» мамандары республикалық және облыстық маңызға ие жолдар бойына қоршаулар орнатып жатыр.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өңірде республикалық маңызы автомобиль жолдарында қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 23 шақырымда жабайы жануарлар жолға шығып кетпес үшін қоршаулар орнатылып жатыр, 9,1 шақырымда қар ұстайтын қоршаулар жөнделіп жатыр, жол техникасы үшін төрт жылы нысан салынып жатыр.
– Қазіргі уақытта 3 трансформаторлық станция орнатылды. 14 210 бойлық метрде жол бойындағы жарықтың сымдары, шамдар мен бағандар ауыстырылды. 7 мұзға қарсы материалдарды сақтайтын нысан көтерілді. Жол пайдалану пунктеріне 3 дана модульді нысан салынды. Бұл шаралар қауіпсіз қозғалыс деңгейін арттырып, жол техникасын ұзақ мерзімде пайдалануға және жол пайдалану қызметтерінің қарқынды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.



