ШҚО-да жарты жылда 50 адам өндірістік жарақат алған
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметі бойынша 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 584 жұмыскер зардап шегіп, оның 77-сі қаза тапқан. Ал Шығыс Қазақстан облысында 50 адам өндірістік жарақат алған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 16,6%-ға төмендеген.
– Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында — 61 адам, ШҚО-да – 50 адам, Павлодар облысында – 44 адам, Атырау облысында – 40 адам, Ақтөбе облысында – 39 адам зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 51 адам зардап шекті, – деп хабарлады министрлік.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,1 % және құрылыс саласында – 9,2%.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,6%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32,9%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,6%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,1%).
Еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 439 материалы жіберіліп, соның негізінде 139 қылмыстық іс қозғалған.
2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат — Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылды.
Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тікелей моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.
Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 42 977 жұмыс беруші оны пайдаланды.



