Тағы да Тоғас көшесінде… Көлік қаққан баланың жағдайы ауыр
Өскеменде көлік қағып кеткен жасөспірімнің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 24 шілде күні кешкі уақытта Тоғас көшесінде болған. Lada Largus көлігінің жүргізушісі жаяу жүргінші өткелімен өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған баланы қағып кетті. Зардап шеккен жасөспірім шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
«Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 11 жастағы бала 24 шілде күні сағат 20:50-де ашық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Жасөспірімге ана мен бала орталығының нейрохирургтары шұғыл ота жасады. Қазір науқас анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Баланың жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салып жатыр», — деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, былтыр 19 қыркүйекте дәл осы Тоғас көшесінде студентті көлік қағып мерт қылды. Сол кезде Ахмер ауылының тұрғындары бұл жерде жол апаты жиі болатынын айтып, көше жарығының әлсіздігіне шағымданды. Кешегі оқиғаның куәгерлері де Тоғаста жарық жеткіліксіз деп жатыр.



