Мәжіліс Спикері Өскемендегі «Алтай» сауда орталығына барды
Шығыс Қазақстан облысына сапарлай келген Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Өскеменде жаңадан салынған«Алтай» көтерме-тарату орталығының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бұл кешен ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, өңдеуге және өткізуге арналған. Мұнда 45 мың тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Орталықтың жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді алып жатыр. Құны 30 млрд теңгеден асатын жоба шаруаларды қолдау және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылды. Бұл ретте, аталған орталық аумағында цехтар салынды. Онда еттен жасалатын жартылай фабрикаттар, кондитерлік заттар өндіріледі, сондай-ақ бал құю процесі жүреді. Орталық 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Осы нысан арқылы жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ірі көлемде өнім өңдеу және сақтау мүмкіндігіне ие болуда. Бұл қадам алдағы уақытта делдалдарды айналып өтіп, ірі нарыққа шығуға ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгінде Мәжіліс депутаттары өңірлердегі көшпелі жұмыс аясында өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауда.



