Oskemen Hub мемлекеттік қызметшілерге шеберлік сағатын өткізді
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру — қазіргі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы өзекті тақырыпқа арналған мастер-класс 2025 жылғы 4 шілдеде Oskemen Hub базасында өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы ұйымдастырған арнайы қайта даярлау курсы аясында оқып жатқан мемлекеттік қызметшілер қатысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда жасанды интеллекттің (ЖИ) және заманауи цифрлық шешімдердің мемлекеттік органдардың тиімді әрі ашық жұмыс істеуіндегі рөлін түсіну ерекше маңызға ие болып отыр.
Негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді басқару тәжірибесінде жасанды интеллект пен зияткерлік жүйелерді қолдану мүмкіндіктерімен таныстыру, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру және аймақтарда инновацияларды енгізуге деген ынтасын көтеру.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің құзыреттер және технология трансфері орталығының басшысы Руслан Четтыкбаев университеттің ғылыми әзірлемелерінің мемлекеттік басқару саласындағы нақты мәселелерді шешуге қалай көмектесетіні туралы айтып берсе, Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы өңірдегі GovTech саласындағы жобаларға шолу жасады.
Бұл жобалар мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған және олардың кейбірі жас IT-мамандардың қатысуымен әзірленген.



