Тарбағатайда аяқсыз қалған кәріз суларын тазарту нысаны жөнделіп жатыр

Тарбағатай ауданына қарасты Ақжар ауылында тұрғындарды алаңдатқан маңызды мәселенің бірі шешімін тапты. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2019 жылы құрылысы басталған, бірақ түрлі себептермен аяқсыз қалған кәріз суларын тазарту нысанының жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ағымдағы жылы бұл мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, барлық жүйелерді тексеру үшін Астанадан арнайы мамандар шақырылған. Қазіргі таңда нысан толықтай пайдалануға дайын екені айтылды.

– Кәріз жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін оған тәулігіне кем дегенде 1000 текше метр су түсуі қажет. Әйтпесе, қыс мезгілінде мұз қатып, жүйенің қатып қалу қаупі бар, – деп атап өтті аудан әкімдігі.

Мекеме өкілдерінің айтуынша, тазарту қондырғысы елді мекеннің санитарлық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды. Сондықтан оның тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық тұрғын үйлерді, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін, дүкендер мен кәсіпкерлік нысандарын жүйеге қосу қажет.

Нысанды Ақжар ауылдық округінің әкімі, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жастар ресурстық орталығының директоры барып көрді.

Аудан әкімдігі бұл нысанның іске қосылуы жергілікті биліктің халық үнін естіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға нақты қадамдар жасап отырғанын көрсететінін атап өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button