Халықаралық дирижерлер форумы өтіп жатыр – Өскемен

Облыс орталығында ТМД елдерінің танымал дирижерлері мен Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі қатысуымен Ұлттық домбыра күніне орай Халықаралық дирижерлер форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Bizdің Өskemen.

Шығыс Қазақстан облысында Домбыра күніне орай іс-шаралар күні кеше басталып кетті. 3 шілде күні облысымыздағы барлық аудандардағы дирижерлердің құрамымен Өскемен қаласында музыканттарға арналған дирижерлердің шеберлік сабақтары өтті. Бүгін кешкі сағат 18:30-да облыстық филармония залында «Дирижерлер парады» атты үлкен гала-концерт өтеді. 

Бүгін Домбыра күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов форумға сонау Қырғыз елінен Қырғызстан Республикасының халық әртісі, Бішкек қаласы мэриясының Үлкен симфониялық оркестрі мен халық аспаптары оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Бақтыбек Тілегенов,  Алтай Республикасы Мемлекеттік оркестрінің дирижері және көркемдік жетекшісі Владимир Кончев, Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінің дирижері Жалғасбек Бегендіков, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Талғат Каримов сынды т.б. дирижерлер арнайы шақыртылғанын атап өтті.

– Кейінгі жылда елімізде домбыра күніне орай үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Біз үшін бұл үлкен мақтаныш. Форумға келген әр дирижердің талабы бар, өз ісінің қарағайдай мамандары, – дейді Жалғасбек Бегендіков. 

Шығыс Қазақстан облысында Халықаралық дирижерлер форумы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 

– Шығыс Қазақстанда бұндай бастама бұрын-соңды болмаған. Қостанай, Алтай Республикасынан, Қырғызстаннан дирижерлерді арнайы шақырдық. Домбыра мерекесін пайдалана отырып, біз аудандар мен қалаларда шеберлік сабақтарын өткізіп жатырмыз. Арнайы домбыра күніне орай дирижерлер шақыртуды Мәдениет басқармасының жылдық жоспарына енгіздік. Бүгін 18:30-да «Дирижерлер парады» атты гала-концерт өтеді. 6 шілде күні Арбатта және Жамбыл атындағы саябақта үздік күйшілеріндің күй-тартысы өткізіледі. Сондай-ақ қала тұрғындары кәсіби музыканттармен бірге күй орындайды.  Алдағы уақытта халықаралық дирижерлер форумы жалғасын табады, – дейді Самат Қасенов.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button