Ең жемқор қай құрылым: әкімдік, министрлік әлде сот?

Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында мұндай қылмыстар бойынша күдікті деп тану туралы қаулы 640 адамға қатысты шығарылған, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 3%-ға аз, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ranking.kz-ге сілтеме жасап.

Осы жылдың бес айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар бойынша 405 айыпталушының ісі сотқа берілді, бұл өткен жылдың қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда, 9,2%-ға артық. Сотқа жолданған мұндай істер бойынша ең жиі жауапқа тартылғандар — әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері болды: 66 адам (32%-ға кем). Бұған қоса, ішкі істер органдарының 49 қызметкері, Қаржы министрлігінің 16 қызметкері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 11 қызметкері және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 7 қызметкері де сотқа тартылғандардың қатарында.

Жалпы, осы кезеңде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотқа 12 министрліктен 57 қызметкердің ісі жолданған, өткен жылы бұл көрсеткіш 54 адамды құраған. Нақтылай кетсек, бұл жерде деректері нақты көрсетілген министрліктер мен олардың қызметкерлері туралы сөз қозғалып отыр. Мысалы, ҚР ІІМ бұл тізімге кірмейді, себебі деректер бүкіл министрлік бойынша емес, тек жекелеген бөлімшелер мен департаменттер бойынша ғана берілген. Ал елімізде барлығы 21 министрлік жұмыс істейтінін ескерсек, бұл мәліметтер толық болмауы да мүмкін.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректері бойынша үш әкімнің (өткен жылы — бір ғана әкім) және де бір судьяның ісі сотқа жіберілді. Толық мәлімет кестеде берілген.

Ең жиі жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстары қандай? Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде ең кең таралғаны — пара алу: биылғы жылдың бес айында осындай 167 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 27,5%-ға артық.

Пара алу деректері бойынша ең жиі ұсталғандар: ішкі істер органдарының қызметкерлері — 22 адам, әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері — 13 адам, сондай-ақ Қаржы министрлігінің қызметкерлері — 9.

Ең жиі жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде екінші және үшінші орында — пара беру (99 адам ұсталған) және сыбайлас жемқорлық сипатындағы алаяқтық (71 адам).

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button