Өскеменде жаңа ТЭЦ салуға дайындық басталды

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу-электр орталықтарын салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жөнінде «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын, оның ішінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын орындау аясында негізгі энергетикалық және ақпараттық-коммуникациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізген. Кеңес барысында Қазақстанның үш қаласында жаңадан салынатын жылу-орталығы туралы «Самұрық-Энерго» жобалары туралы басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов баяндады.

– Холдинг генерация қуаттарын жаңғырту бойынша бірқатар ірі бастамаларды жүзеге асыруда. Екібастұз ГРЭС-2 стансасын кеңейту аясында жалпы қуаты 540 МВт болатын үшінші энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Оны іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру көзделген. 2026 жылы жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл стансалардың жалпы қуаты 1 ГВт-тан асады. Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО-лар салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Көкшетаудағы жоба бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарт жасау рәсімдері басталды, – делінген баяндамада.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 230 электр стансасы жұмыс істейді, оның 156-сы – жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) объектілері. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну көлемі 119,9 млрд кВт/сағат болса, электр энергиясын өндіру 117,9 млрд кВт/сағатты құрады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button