Қазіргі уақытта Назарбаев даңғылындағы 14 үйдің сырты жөнделіп жатыр. Үйлердің қасбеттерін сылап, сырлаудан өзге, балкондардың қаптамасы мен кондиционер блоктары да жаңартылуда, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласының қақ ортасында орналасқан Назарбаев даңғылындағы ғимараттардың қасбеттерін жөндеу жұмыстарының барысын қалалық мәслихаттың депутаттары тексерді.
Мердігерлер жұмыстың белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жөндеу жұмыстары тек сылақ қабатын қалпына келтіру мен сырлаумен шектелмейді. Сонымен қатар нысандарда су ағызу жүйелері, сәндік элементтер, соның ішінде балкондардың қаптамасы мен кондиционер блоктарының сыртқы бөлігі де жаңартылып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстардың 70%-ы аяқталған.
Айта кетейік, жоспарланған 14 үймен қатар қосымша бюджетті үнемдеу есебінен қаланың орталық даңғылындағы тағы төрт үй ретке келтірілмек.
Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде тағы үш үйге жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Бірақ сылақ емес, әрлеудің басқа түрлері қолданылады. Қазіргі таңда қандай жөндеу жүргізілетіні және оны жасайтын ұйым анықталуда.