Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және балалардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуда.«URPAQ» жобасы аясында 260 анонимді хабарлама қаралып, бопсалау және буллинг деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сондай-ақ, «Қауіпті нысандар картасы» жобасы арқылы анықталған 443 нысанның 292-сіне кіруге шектеу қойылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шығыс Қазақстан облысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, өңірде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту шаралары, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған «Заң және тәртіп» атты форум өтті.
– Облысымызда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025-2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» тұжырымдамасы аясында кешенді шаралар қабылданып, қоғамда оң өзгерістер болады деп күтілуде. Биыл облыстық бюджеттен Полиция департаментінің қызметін қамтамасыз ету үшін 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған материалдық-техникалық базаны жақсартуға бағытталатын болады, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Форум барысында облыс прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғау мен өңірдегі заңдылықты нығайтуға бағытталған қызметтің негізгі бағыттарын атап өтті.
Жыл басынан бері 32 мыңнан астам азаматтардың құқықтары қорғалды, мемлекет бюджетіне 1 млрд теңгеден астам қаражат, 1 млрд теңгеге жуық мүлік кері қайтарылды. Прокурорлық әрекет ету актілері негізінде 102 млн теңге көлемінде жалақы бойынша берешек өндірілді, 570 жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді.
Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 800-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды, 500-ден астам заңсыз тексеру тоқтатылды. Облыс прокуратурасы 92 инвестициялық жобаны іске асыруда, оның ішінде 12 жоба бойынша 35 млрд теңгеге жуық проблемалық мәселелер шешілді.
Сонымен қатар, ұрланған активтерді қайтару шаралары жүзеге асырылып жатыр. Активтерді қайтару комитеті арқылы қайтарылған қаражат есебінен өңірде 65 млрд теңгеден астам сомаға 7 әлеуметтік нысан салынып жатыр.
Прокуратура кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және балалардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуда. Прокурорлық шаралар нәтижесінде 27 жетім бала баспанамен қамтылды, алимент алмаған 60 баланың құқығы қорғалды.
2024 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «STOP наркотик!» пилоттық жобасы аясында 300 г синтетикалық есірткі тәркіленді, 1,5 млн теңге сыйақы төленді, 6 қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, өңірде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес белсенді жүргізіліп жатыр. Прокуратура мен Антифрод орталығының бірлескен жұмысы нәтижесінде 30 млн теңгеге шоттар бұғатталып, банктердің 100 млн теңгеден астам сомадағы төлемдерді жүргізуі тоқтатылды.
Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, форум қауіпсіз орта қалыптастыру, құқықтық сана-сезімді дамыту және қоғамда әділеттілікті нығайту бағытында күш біріктіру үшін тиімді алаңға айналды.