Шығыс Қазақстан облыстық Драма театрында 21 маусым күні Иран-Ғайыптың «Алтын ажал» атты драмалық дастаны тұңғыш рет сахналанады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) шығармашылық сапармен Өскеменге келді. Қазақ театр сахналарында отыздан астам шығармасы қойылған қаламгер үшін бұл оқиғаның орны ерекше. Себебі жаңа туындының сахнаға жол тартуы – драматургтің ғана емес, тұтас бір өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға.
– Әсем табиғатын бала күнімнен көруді армандаған Алтай еліне осы жолы үлкен шығармашылық мақсатпен келіп отырмын. «Алтын ажал» драмам тұңғыш рет осы театрда қойылмақ. Сондықтан дайындық барысын өз көзіммен көріп, режиссерлік және актерлік топпен шығармашылық үндестікте жұмыс істесем деген ниетпен келдім, – дейді драматург.
Шығыс Қазақстан облыстық драма театры жыл сайын репертуарын байытып, отандық драматургияға басымдық беріп келеді. Жаңа қойылым – соның айқын дәлелдерінің бірі. Бұл тек көркем өнер емес, бүгінгі қоғамға ой тастайтын, ұлттық санаға сәуле құятын дүние болмақ.
Саналы ғұмырын қазақ сөз өнеріне арнаған, поэзия мен драматургияны қатар өрбіткен қаламгердің бұл сапары – Шығыстағы мәдени тыныстың кеңіп, театр әлемінің жаңа белеске көтерілгенін айғақтайды.