Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған қабылдау күнтізбесін жариялады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Министрліктің мәліметінше, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 7 шілдеге дейін өтеді. Жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау 20 маусымнан 25 тамызға дейін жүзеге асады.
«Педагогикалық ғылымдар» және «денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін арнайы емтихандар 20 маусым мен 20 тамыз аралығында өтеді. Алайда, конкурсқа қатысу үшін бұл емтихандарды 20 шілдеге дейін тапсыру қажет.
Одан бөлек, шығармашылық емтихандарға қатысуға өтініштер 20 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Шығармашылық емтихандардың өзі 7 шілдеден 15 тамызға дейін өтеді. (конкурсқа қатысу үшін 20 шілдеге дейін тапсырып үлгеру қажет).
Білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін өтініштер 13–20 шілде аралығында қабылданады. Ал грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.