Өскеменде нейрохирургиялық роботтың көмегімен ота жасалды
Өскемендегі Ана мен бала орталығында навигация жүйесі мен жасанды интеллект технологиялары қолданылатын Remebot RM-200 роботтандырылған кешенінің көмегімен алғашқы нейрохирургиялық ота жасалды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Самұрық-Қазына» АҚ мәліметінше, Remebot RM-200 кешенінің негізгі артықшылықтарының бірі – нейрохирургиялық отаны бастамас бұрын ол хирургиялық жұмыстарды жоғары дәлдікпен жоспарлай алады. Жүйе 3D-жоспарлау, навигация және жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. КТ және МРТ деректері негізінде мамандар дайындық кезеңінде хирургиялық жұмыстар жасалатын аймаққа жетудің оңтайлы траекториясын анықтайды. Робот операцияны өздігінен жасамайды – барлық хирургиялық манипуляцияларды дәрігер орындайды.
– Кешен өңірде нейрохирургиялық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жаңа жабдық күрделі нейрохирургиялық емдеуді қажет ететін балалар мен басқа да пациенттерді емдеу үшін қолданылады, – делінген хабарламада.
Ана мен бала орталығы мамандарының айтуынша, роботтандырылған кешен операцияға дейінгі дайындық пен навигацияның дәлдігін арттыруға, сондай-ақ мекеме базасында жасалатын нейрохирургиялық ота түрлерінің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 31 тамыз күні «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Өскеменге жұмыс сапары барысында Ана мен бала орталығына барып, роботтандырылған кешенді жеткізуге арналған сертификатты табыстаған болатын. Құны 433 млн теңгеден асатын жабдық «Самұрық-Қазына» қолдауымен «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы сатып алынды.



