ШҚО студенті Қазақстанды халықаралық аренада танытты

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті, «Мисс Қазақстан – 2024» байқауының жеңімпазы Бағым Балтабаева «Мисс Мира – 2026» халықаралық байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетті.
Халықаралық деңгейдегі беделді байқауға қатысу Бағым үшін кәсіби және тұлғалық дамудың маңызды кезеңіне айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар арасында ол Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырып, еліміздің заманауи келбетін көрсетті.
Бүгінде Бағым тек модельдік бағытта ғана емес, білім мен жеке дамуға да ерекше мән беріп келеді. Университет қабырғасында алған білімі оның коммуникативтік қабілетін жетілдіруге, өзіне деген сенімін арттыруға, жауапкершілігін қалыптастыруға және көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Оның қалыптасуында ұстаздары мен студенттік ортаның да өзіндік орны бар. Білім алу мен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген Бағым өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, түрлі жобалар мен халықаралық бастамаларға қатысып келеді.
Бағым Балтабаеваның «Мисс Мира – 2026» байқауына қатысуы – оның жеке жетістігі ғана емес, Шығыс Қазақстан жастарының таланты мен әлеуетін көрсететін маңызды оқиға.



