Жаңалықтар

Өскеменде қияр бағасы екі есе арзандады

Өскеменде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жалпы алғанда тұрақты деңгейде қалып отыр. Жекелеген өнімдер бойынша баға айтарлықтай төмендеген. Мәселен, қалада қияр бағасы 51%-ға түсіп, жыл басындағы деңгейден екі есе арзандады. Қызанақ 45%-ға арзандаған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы баға өзгерістеріне талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Өскемендегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға индексі 101,0%-ды құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (101,4%) төмен.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бағаның төмендеуі әсіресе көкөніс өнімдерінде байқалады. Қияр мен қызанақтан бөлек, ақталған күріштің бағасы да жыл басынан бері 6,7%-ға төмендеген. Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай нанының бағасы қаңтардағы деңгейде сақталып, индексі 100,0% болды.

Сүйекті сиыр етінің құны жыл басынан бері іс жүзінде өзгерген жоқ, ол 100,7% деңгейінде бекітілді (өсім небәрі 0,7%). Тауық етінің бағасы да тұрақты – индекс 100,2%.

Сонымен қатар жаңа өнімге көшу кезеңіне байланысты бірқатар көкөніс түрлерінің бағасында маусымдық өсім байқалады. Сәбіз 57,4%-ға, пияз 51,4%-ға, картоп 30,9%-ға қымбаттаған. Қой етінің бағасы 19,5%-ға, тартылған ет 9,1%-ға өскен. Сары майдың бағасы 3,2%-ға, қатты ірімшік 1,1%-ға артқан.

– Маусымдық өзгерістердің нарыққа әсерін азайту үшін өңірде азық-түлік қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жергілікті фермерлерден картоп, пияз, қырыққабат және сәбіздің жаңа өнімін тікелей сатып алу арқылы тұрақтандыру қорын толықтыру көзделген. Жиналған өнім күзгі-қысқы кезеңде нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп, бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін пайдаланылады, – делінген министрліктің хабарламасында.

Тұрғындардың өнімді делдалсыз әрі қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік беру үшін фермерлік жәрмеңкелер де тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұнда тауарлар дүкендердегі бағамен салыстырғанда 15–20%-ға төмен бағада ұсынылады. Жыл басынан бері облыста 421 жәрмеңке өткізілді.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сауда орындарындағы бақылау да күшейтілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бақылау нәтижесінде талаптарды бұзған кәсіпкерлерге қатысты 75 әкімшілік шара қолданылды.

Бұдан бөлек, өңірлік комиссияның жұмысы нәтижесінде тауар жеткізу тізбегінен 10-нан астам өнімсіз делдал шығарылды. Бұл өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы негізсіз үстемелерді қысқартуға және өнімнің түпкі бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button