ШҚО-да су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзған 102 адам жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында биылғы шомылу маусымы кезінде су айдындарында 10 адам суға батып кеткен. Барлық қайғылы жағдайлар жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелген, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Су айдындарын патрульдеу барысында ТЖД қызметкерлері 28 адамды, оның ішінде 8 баланы құтқарды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстың акваторияларында 8 құтқару бөлімшесі жұмыс істеді, 38 құтқарушыға оқыту жүргізілді.
– ТЖД аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер қауіпсіздік шараларын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. 1800-ден астам рейд пен патрульдеу жүргізіліп, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын бұзған 102 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шағын көлемді кемелерді және олардың тұрақтары үшін базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 66 әкімшілік жаза қолданылды, – делінген ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Аймақта шомылуға арналған 23 учаске анықталды. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 22 демалыс орнының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Облыс аумағында 93 жерде шомылуға тыйым салынған.



