Жаңалықтар

Өскеменде Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы талқыланды

Бүгін Өскемендегі А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында кітаптың негізгі мазмұны талданып, негізгі идеялары жөнінде пікір білдіріліп, Президенттің елдің болашағы мен даму бағыттарына қатысты пікірлері ортаға салынды.

– Іс-шараның негізгі мақсаты –  жастарға келелі мәселелерді талқылауға назар аударту. Бұл кітап бірнеше бөлімдерден тұрады. Кітапта «Таза Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» идеяларымен, сондай-ақ жастар саясатына үлкен мән берілген. Одан бөлек, жастардың дамуына үлкен жағдай жасау жайлы Президентіміздің айтқан сөздері бар, – дейді А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының көпшілік іс-шаралар бөлімінің қызметкері Ұлпан Қанатова.

Жиында кітаптың мазмұны, маңызы мен негізгі ойлары туралы пікірлер айтылды. Сонымен қатар кітаптың 21 тақырыптық бөлімнен тұратындығы айтылып, онда ел дамуына қатысты маңызды мәселелер мен өзекті ой-тұжырымдар қамтылғаны атап өтілді.

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқыладық. Бұл кітапта жалпы қоғамға, оқырмандарға арналған Мемлекет басшысының алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінің ой түйіндері топтастырылған. Бүгінгі іс-шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар және саяси партиялардың жетекшілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты. Кітап жайлы пікірлер айтылды. Жалпы оқырман қауым осы кітапты жылы қабылдады деп айтуымызға болады, – деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, Халықаралық қазақ тілі қоғамы ШҚОФ төрағасы Әскерхан Ақтай.

Басқа жаңалықтар

Back to top button