ШҚО-да жыл басынан бері 48 велосипед ұрланған
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 48 велосипед ұрланып, оның 42-сі мүлік иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Азаматтар велосипедтерін аулаларда, кіреберістерде, дүкендердің жанында және басқа да көпшілік орындарда қараусыз қалдырып жатады. Осындай жағдайлардың бірі Өскемен қаласында орын алды.
– Жергілікті тұрғын бір ай бойы велосипедін үйдің ауласында қалдырып келген. Бір күні ол велосипедінің жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген. Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ұрланған велосипед табылып, иесіне қайтарылды, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары велосипедтерді тіпті қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмауға, ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдалануға және мүмкіндігінше оларды жабық жерде сақтауға кеңес береді.
– Велосипедтерді кіреберіс алаңшаларында, тамбурларда және эвакуациялау жолдарында сақтауға болмайды. Өрт шыққан жағдайда олар тұрғындардың қауіпсіз шығуына және шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – делінген хабарламада.



