Өскеменде Алтай ауданының күндері өтеді

17–19 қыркүйек аралығында Өскеменде облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Алтай ауданының күндері өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
17 қыркүйек күні сағат 10:00-де Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесу өтеді.
– 18 қыркүйек күні сағат 10:00-ден бастап қала тұрғындары мен қонақтарын Арбатқа шақырамыз. Бұл жерде сіздер Алтай ауданымен жақынырақ танысып, оны балалар мен суретшілердің көзімен көре аласыздар, табиғаты, туризмі мен экологиялық бастамалары туралы көбірек біле аласыздар, сондай-ақ өлкеміздің мәдениеті мен дәстүріне қанығасыздар. Әрине, болашаққа да көз жүгіртіп, заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің бүгінде Алтайға жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанына куә боласыздар, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар сағат 17:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Алтай: цифрлық болашақ аумағы» көрмесі өтеді. Мұнда ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, оның жетістіктерін, қызықты жобалары мен Алтай тұрғындарының өміріне еніп келе жатқан заманауи шешімдерді көре аласыздар.
Сағат 18:00-де филармонияның концерт залында Алтай ауданының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама өтеді.
19 қыркүйек күні сағат 08:00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдері мен басқа да тауарларды аудан өндірушілерінің өзінен тікелей сатып алуға болады.



